«Тарихыңды нетейін!»: Назарбаев пен  Заманбек арасындағы айтыс-тартыс жария етілді

/image/2020/01/18/crop-28_7_557x743_7510a094-12ca-4c82-9ea2-27187b8fae50_mw800_s.jpg

Бұл – мезгілсіз мерт болған Заманбек Нұрқаділовтың тірісінде Нұрсұлтан Назарбаевқа айтқан сөзі. Мұндай естелікті сол шақта Нұрқаділовтың өз аузынан естіген «ДАТ» медиа жобасының жетекшісі Ермұрат БАПИ жазды деп хабарлайды «Qamshy.kz» ақпарат агенттігі.

Осы ретте, біз автордың рұқсатымен «Бір естелік» атты материалды қаз-қалпында сайт оқырмандарына ұсынғанды жөн көрдік. 

 

БІР ЕСТЕЛІК

Нақты уақыты есімде жоқ: 2005 жылғы жаздың бір күні Заманбек аға телефон соқты.
«Әй, сен боссың ба?».
«Боспын... Жайшылық па?».
«Қазір үйіңнің жанынан өтем, менің машинамның соңынан еретін бол!».
«Қайда барамыз?».
«...»
Нұсқасы ноқтаға тар Нұрқаділов әдеттегі шорт мінезімен сөзді шолақ доғарды.
Көше бойында қара «Мерседесті» күтіп тұрмын. Көлігі қасымнан зу етіп өте бергенде, соңынан ердім. Сол жүйткіген бойда Алматының сыртындағы «Алатау» санаторийінің шлагбаумына тірелдік. Әдеттегі бірлі-жарым күзетші емес, топырлаған кәстөм кигендер толып жүр. Зәкеңнің машинасын өткізді, маған «болмайды» деді. Дауласатын емес, түстері суық, қорғанның сыртында қалдым.
Дереу телефонға жармастым.
«Мен... мені... өткізбеді...».
«Сол жерде күт...».
Тағы да келте қайырды.
Бір сағат тұрмын. Екі сағат... Үш сағат дегенде, Зәкеңнің көлігі көрінді. Тағы да жанымнан зу етіп өте шықты. Тағы да еріп келем. Телефоным безілдей жөнелді.
«Сағат бесте Мақпалдың шайын ішем, содан соң үйге кел...».
Дауысы бір түрлі. Доғалдау діңін білем: «Жарайды» дедім.
Айтылған уақытта келдім. Үйінің іргесіндегі бүгінде музейі болған штаб-пәтерінде екен. Қызыңқы.
«Назарбаевпен жолықтым...».
«Иә...».
«Не иә?! Мас екен... Су ішіп отырған стақанын толтырып, арақ құйды да, «іш» деді. Әңгіменің ауаны ауыр боларын сезіп, дем алмай тартып салдым...».
«Не қыл дейді?».
«Саған не керек: ақша ма, қызмет пе, нах...?» деп, боқтап сөйледі. Мен де «кетсең – кет» деп, "нахтың" тізгінін жібердім. Маған ештеңең керек емес, әділ сайлау өткізейік дедім. Зағипаның (Орталық сайлау комиссиясының төрайымы – Балиева) орнын маған бере тұр, таза сайлау өткізіп берейін де, кетейін, нах... Сіз де сайлауға түсіңіз: жеңсеңіз – сіз жақтамын, жеңілсеңіз – халықтың алдында абыроймен кетесіз, сізге соның өзі әбүйір болады, тарихта жақсы атпен қаласыз дедім».
«Ол не деді?».
«Жепсің!.. Тарихыңды нетейін!» деді. Бірақ бірер күнде хабарласам деді».
«Ал енді бұл нетістегі менің міндетім қандай?».
«Үш күн күтемін. Үш күннен кейін пресс-конференция өткізіп, жағдайды жайып салам... Сен Сейтқазымен (Матаев) сөйлесіп, пресс-клубқа заказ беріп қой...».
Бұл жексенбі күні болатын. Ертеңінде – дүйсенбіде Зәкең телефон соқты: «Пресс-конференцияны бүгін өткіземіз...» деді.
«Не? Жауабы дұрыс па?».
«Пошел он нах...! Өз обалы өзіне!».
Зәкең сағат 12-де баспасөз мәслихатын өткізіп, екеуара болған боқтық пен ішістен басқасын жайып салды: «Назарбаев өлмей – кетпейді, сайлау әділ болады деп ойламаңдар! Менің әзірге қолымнан келгені осы...» – деді.
«Әзірге» – қазірге ұласпады. Назарбаев өлген жоқ, әлі отыр... Зәкеңнің көзін құртты... Бұдан 15 жыл бұрынғы қазақ – қазір де сол қазақ...
Ермұрат БАПИ
«DAT»
газеті. 16.01.2020.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар